Мемлекеттік нышандар

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған.

Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының біркелкі көгілдір түсі бірігу идеясын білдірумен қатар, әрқашанда бейбітшіліктің, тыныштық пен жарқын болашақтың белгісі саналатын бұлтсыз ашық аспанды еске салады.

Геральдика тілінде көк түс пен оның реңктері адам бойындағы адалдық, тазалық, үміт сияқты қасиеттеріне сәйкес келеді. Шұғылалы алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелесе, дала бүркіті қазақстандықтар ұғымында дарқандық пен қырағылық, биіктік белгісі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы суретші Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған.

Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының негізіне шаңырақ алынған. Ол елтаңбаның жүрегі іспеттес.
Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы отбасы ошағын бейнелейді. Қанатты тұлпар мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтың рухани байлығының белгісі. Қанатты тұлпар болашаққа үміт артар жас ұрпақтың арманы, самғау биігі.

Елтаңба төбесінде бес бұрышты жұлдыз бар. Әр адамның өмірінде жол көрсетер өз жұлдызы болады. Мемлекеттің де осындай жұлдызы болуы керек.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары сәулетшілер Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

 

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

 

Астана қаласындағы «Атамекен» Қазақстан картасы»
Этно-мемориалдық кешен аумағындағы
Қазақстан Республикасының Бас Мемлекеттік Туы

Бас Мемлекеттік ту жалпы ауданы 450 шаршы метрді құрайтын ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Ту сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнелері алтын түстес. Тудың ені мен ара қатынасы – 15:30

Тутұғырының биіктігі негізгі діңгектің түбінен алғанда 111 метрді құрайды. Төбе басына орнатылған алып ту мен тутұғырының берік құрылымы елдің күш қуаты мен даңқын, оның ұлы тарихы мен болашағын бейнелейді. 

Әлемде осындай мысалдар көп емес. Көлем бойынша Астана қаласындағы Бас Мемлекеттік Ту және тутұғыр түркмен, иордандық және солтүстік-корей мемлекеттерден төртінші орында орналасқан.

Бұл мемлекеттер ең үлкен көлемдегі ту иелері ретінде және біршама қолайлы ауа райымен ерекшеленеді.

Бүгінгі таңда Астана үшін мемлекетіміздің Бас Мемлекеттік Туына күтім және қызмет көрсету бойынша осы жайт маңызды болып табылады. Қолайсыз ауа райының түрлі фактілері (жел, жаңбыр, қар) Туды ауыстырып тұруға себепті.

Тудың орналасқан орнының қатал табиғи-климаттық жағдайын ескере отырып, оны қолдану барысында басшылыққа алынатын принципті ережелер:

  • Мемлекеттік Ту тәулік бойы желегінің матасына сәйкес бұлтсыз ашық желсіз тымық ауада тұрақты көтеріледі (орнатылады, ілінеді);
     
  • тәуліктің күндізгі уақытында сағат 08.00 ден 22.00-ге дейін Мемлекеттік Ту желегінің матасына сәйкес орта деңгейдегі (қарлы, жаңбырлы) ылғалды дымқыл ауада көтеріледі (орнатылады, ілінеді);
     
  • ауа - райы жайсыз (қарлы, жаңбырлы) қатты желді күндері Ту желегі ауа - райы қалыпты жағдайға келгенше тұғырынан алынады.
     

Туды техникалық қызмет күтіп ұстаудың тәртібі:

  • желекті сапасы жоғары туға арналған матадан дайындау барысында Тудың белгіленген мөлшерге (450 ш.м) сәйкес дайындауға, желек матасының ескіруіне сәйкес әрбір 30 күнтізбелік күн аралығында ауыстырып отыру қамтамасыз етіледі;
     
  • Ту желегі тудың сәйкес мөлшеріне (450 ш.м) сай келмейтін матадан жасалған, бүлінген, ескірген жағдайда ауыстырылып тұрады;
     
  • Ту желегі матасының зақымдану деңгейіне қарай туды жөндеу - қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіледі.
     

Тудың жағдайына жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық бақылау жүргізілуіне рұқсат етіледі. Олар тудың бүлінуі, ескіруі немесе басқа кемшіліктер анықталған деректер бойынша 57-45-56 телефон арқылы хабарласа алады.

        Кино Қонақ үйлер Мейрамханалар Такси Әуежай Вокзал Автовокзал